Юнус Эмре Институтында «Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» көрмесінің ашылуы

2025 жылғы 30 қазан күні сағат 18:00-де Амстердам қаласындағы Юнус Эмре Институтында Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – Республика күніне орай Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» атты көрменің ашылуы өтеді.

Көрме Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің, Түркия Республикасының  Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің, Юнус Эмре  Институтының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Нидерланд Корольдігі арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, сондай-ақ Ұлы Дала халқының бай тарихын, көшпелі өркениеттің мәдениетін, қазақ халқының дәстүрлі тұрмысын, философиясы мен дүниетанымын кеңінен таныстыру.

Экспозицияда Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-тен астам бірегей жәдігер ұсынылады. Олардың қатарында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен қолданбалы өнерін бейнелейтін этнографиялық бұйымдар, тарихи фотосуреттер және қазақ пен түркі халықтарының музыкалық аспаптары бар.

Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 10 қыркүйекте орнатылған. Амстердамдағы Юнус Эмре Институты – түркі мәдениеті мен өнерін әлемге кеңінен танытуды мақсат еткен беделді ұйым.

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Алматы қаласының тарихы музейі – еліміздің мәдени және қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып келе жатқан заманауи мәдени мекемелердің бірі. Соңғы жылдары бірлестік халықаралық серіктестік бағытында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

Музей қорларындағы ерекше коллекциялар бұған дейін Сеул (Корея Республикасы), Ыстамбұл (Түркия), Неаполь (Италия), Вена (Австрия), Прага (Чехия), Карцаг (Венгрия) және Белград (Сербия) қалаларында табысты таныстырылды.

2025 жылғы маусым айында Париж қаласында (Франция), ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен көрме ұлы композитор, дирижер және күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды.

«Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» көрмесі – Ұлы Дала мәдени мұрасын Еуропа жұртшылығына танытатын, қазақ руханияты мен тарихының терең тамырын паш ететін маңызды мәдени оқиға болмақ.