20 қыркүйек «Көк-Төбе» саябағында Қала күніне арналған «Көк-Төбе Опера – 2025» халықаралық классикалық музыка фестивалі өтті.
Алматылықтар мен қала қонақтары ұлттық музыка өнерінің жауһарларын және әлемдік классикалық өнердің алтын қорына енген туындыларды тыңдап, аса талантты артистердің өнерін тамашалады.
Кеш барысында көрермендерге опера және балет өнерінің үздік туындылары ұсынылып, қазақстандық және шетелдік әртістер өнер көрсетті.
Фестивальге Испаниядан келген танымал тенор Энрике Феррер мен Жапониядан балерина Ариса Хасимото қатысты. Сондай-ақ, сахнада еліміздің атақты опера шеберлері – Зарина Алтынбаева, Расул Жармағамбетов, Жәмила Баспақова, Балуан Беркенов, Оксана Давыденко, Нұржан Бәжекенов, Венера Алпысбаева және Марина Алтухова өнер көрсетті.
Кештің көркін «Салтанат» би ансамблінің әсерлі қойылымдары, «Il Canto» квартетінің орындауы және дирижер Алексей Беляков басқарған симфониялық оркестрдің өнері аша түсті.