
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасындағы Португалия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жозе Атаиде Амаралдың құттықтау сөзімен басталды. Жозе мырза екі ел арасындағы мәдени байланыстардың маңыздылығына тоқталып, музейдің мерейтойымен құттықтады. Келесі болып өз тілегін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, ҚР СІМ-нің Алматы қаласындағы Өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов мырза білдірді. Сонымен қатар, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Тарихи мәдени мұра» бөлімінің басшысы Ләззат Оразбекқызы музей ұжымына шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Мерекелік кештің көркем бағдарламасында Португалияның белгілі өнерпаздары – португал гитарасының шебері Луиш Геррейру, фаду әншісі Матилде Сид және классикалық гитара орындаушысы Жуан Филипе өнер көрсетті. Көрермендер португал гитарасының ерекше үнімен танысып, фаду өнерінің қайталанбас атмосферасын сезінді.
Кештің қорытынды бөлімінде – Португалияның ұлттық музыкалық мұрасының символына айналған екі дәстүрлі португал гитарасының музей қорына табысталуы болды. Қазақстан Республикасындағы Португалия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жозе Атаиде Амарал бұл құнды музыкалық аспаптарды Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы мен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Бауыржан Өзбекәліұлына салтанатты түрде табыстады. Аталған сый музейдің халықаралық коллекциясын толықтырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығая түскенін айшықтай түсті.


