«Музей түні – 2026» Алматының мәдени өміріндегі ірі оқиғаға айналды

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен ауқымды мәдени акция аясында Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты музейлерге бір күнде 28 мыңнан астам адам келді. Ауқымды шараға кішкентай балалардан бастап үлкен кісілерге дейін музейлердегі арнайы бағдарламаларды қызығушылықпен тамашалады.

Музейлер таңғы сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін келушілер үшін ашық есік күнін ұйымдастырды. Кешкі сағат 18:00-ден түн ортасына дейін мегаполистің сегіз музейінде «Музейге сый», «Жұлдызды гид» акциялары, танымдық-интеллектуалды ойындар, шеберлік сабақтар, көрмелер, музайаралық «Тарих ізімен» квест-ойыны, аквагрим, ЖИ технологиясымен фотоаймақтар, спектакльдер, музейлік дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Kalifarniya, Bayansulu, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев, «Алашұлы» және «Алатау серілері» топтары, «IL Canto квартеті, «Асанәлі Әшәмов» театры, Ерболат Құдайберген, Алихан Байсұлтан және өзге де жұлдыздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Алматы музейінде Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған «Қазақ киносының жауһары – Қыз Жібек» көрмесінің ашылуы өтті. Сонымен қатар, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің 45 жылдығына арналған «Уақыт айнасы: музейдің 45 жылы» көрмесі ашылды.

«Музейге сый» акциясы аясында музейлер қорына тарихи әрі рухани құндылығы жоғары бірқатар жәдігер табысталды.

Музейлерде келушілерді А. Байтұрсынұлы, М. Тынышпаев, Қ. Сәтпаев, Е. Серкебаев, Р. Бағланова, Қорқыт, Біржан сал, Д. Нұрпейісова, Ж. Жабаев, Ақан сері, сондай-ақ С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов, П. Гурде бейнесіндегі кейіпкерлер қарсы алды.

«Жұлдызды гид» акциясы аясында Нұрдаулет Ақыш, Сәуле Жанпейісова, Зарина Алтынбаева, Мейрамбек Таубалды, Мәди Рымбаев, Толғанай Хасен және Нұрдаулет Еркінбайұлы келушілерге экскурсия жүргізіп, музей экспозициялары туралы мазмұнды әңгімелерімен бөлісті.

Осылайша, «Музей түні – 2026» акциясы Алматының мәдени өміріндегі ең ірі әрі көпшілік асыға күтетін жобалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.