Алматы музейінде Мажарстанның әйгілі Матьо кесте өнеріне арналған көрме ашылды.

Қазақстанда алғаш рет 100-ден астам мадьярлардың әйгілі Матьо кесте өнерінің туындылары қойылды. Бұл жәдігерлердің барлығы Алматы музейіне келушілердің назарына «Матьо халық өнері – мадьяр мәдениетінің мұрасы» көрмесінде ұсынылды. Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Мажарстанның Алматыдағы Бас Консулдығымен бірлесе ұйымдастырылып отыр.
Матьо кестелеу мәдениеті ЮНЕСКО-ның әлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Көрмеде кестеленген маталар, киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдар, сондай-ақ мадьяр халқының өмірі мен дәстүрін баяндайтын архивтік фотосуреттер ұсынылады.
Көрмеде ұсынылатын жәдігерлер Мезёкёвешд қаласындағы (Мажарстан) Матьо музейінің қорынан, сондай-ақ мажарлық жеке коллекционерлердің топтамасынан алынған.
Көрме музейаралық ынтымақтастық аясында өткізіліп отыр. Бұған дейін 2024 жылдың 3 қазанынан 20 қарашасына дейін Алматы музейінің қорынан алынған көрме Мажарстанның Карцаг қаласындағы «Карцаг Кинче» өнер музейінде көрсетіліп, шетелдік көрермендерінің үлкен ықыласына ие болған еді.
Көрме алматылықтар мен қала қонақтары үшін 2025 жылдың 16 шілде айына дейін жалғасады.