Түркі әлемі халықтарының ауқымды көрме-жәрмеңкесі

Наурыз мейрамы аясында Алматы қаласының Абай алаңында Түркі әлемі халықтарының ауқымды көрме-жәрмеңкесі өтті. Мерекелік шара қала тұрғындары мен қонақтарына түркі халықтарының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлі қолөнерін кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара Алматы қаласы әкімдігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен өтті.
Көрме-жәрмеңкеге Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен келген шеберлер қатысып, өздерінің бірегей қолөнер туындыларын ұсынды. Қатысушылар ұлттық нақыштағы бұйымдарды, сондай-ақ әр халықтың өзіндік ерекшелігін айқындайтын өнер үлгілерін паш етті.
Көрме барысында келушілер қыш бұйымдар, кесте, құрақ, киіз және тоқыма, сәндік қолданбалы өнерімен қатар, зергерлік әшекейлерді, ұлттық киімдерді және түрлі кәдесыйларды тамашалады. Әрбір бұйымда ұлттың тарихы мен дүниетанымы, дәстүрі мен эстетикалық талғамы көрініс тапқан.
Шара аясында қатысушы шеберлерге Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басшысы Сұлтан Раев атынан алғыс хаттар табысталды.
Ауқымды мәдени шара Наурыз мейрамының мазмұнын тереңдете түсіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Көрме-жәрмеңке түркі халықтарының ортақ мұрасын насихаттауға және мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосты.




.png)