«ҰЛЫ ДАЛА КЕРЕМЕТТЕРІ» Республикалық этно-фотокөрмесі

2026 жылғы 21–23 наурыз, сағат 10:00–20:00 аралығында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен, «Алматы қаласы Музейлер бірлестігі» КМҚК және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Панфилов көшесінің бойында «Ұлы Дала кереметтері» республикалық этно-фотокөрмесі өтеді.
«Ұлы Дала кереметтері» этно-фотокөрмесі – фотография өнерінің пайда болғанына 200 жыл толуы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аясында жүзеге асырылып отырған ауқымды мәдени жоба.
Бұл көрме тарихи сабақтастық, рухани жаңғыру және визуалды мәдениеттің эволюциясы идеяларын өзара тоғыстыра отырып, ұлттық мұраны заманауи көркем тіл арқылы ұсынуды мақсат етеді.
Республикалық масштабта өткізіліп отырған этнографиялық фотокөрмеге Алматы, Астана, Шымкент сынды республикалық қалалар мен қоса өзге өңірлерден 30-дан астам атақты фотосуретшілер мен фотожурналистер қатысуда. Олардың арасында: А. Әбдірайым, Ф. Қабдықайыров, А. Дүйсенбаев, Е. Шадрахов, М. Шағырбай, М. Золотухин, О. Алхаров, Е. Манапхан, Е. Омаров, Д. Балабекұлы, Д. Дунич, Ә. Бегімбет сынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Президентінің, Үкімет басшысының, әкімдіктердің жеке фотографтары, сонымен қатар «Үркер» ұлттық сыйлығының және Р. Ханалы атындағы Қазақстан Журналистер Одағы фотосыйлығының иегерлері, республикалық және өңірлік БАҚ-тағы талантты фототілшілер бар.
Аталған фотокөрмеде Ұлы Даланың кереметтерін паш ететін алдын ала іріктеуден өткен этнографиялық бағыттағы 100 фотокартина көрермен назарына ұсынылатын болады.
1826 жылы француз өнертапқышы Жозеф Нисефор Ньепс алғаш рет тұрақты фотобейнені тіркеп, жаңа дәуірдің басталуына жол ашты. Осы сәттен бастап фотография адамзаттың уақыт пен кеңістікке деген көзқарасын түбегейлі өзгертті.
Фотография уақытты тоқтатып, сол сәтті мәңгілікке айналдыратын өнер.
Наурыз – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті, жаңару мен жаңғыруды, уақыттың циклдік қозғалысын білдіретін көне мереке. Ол өткен мен болашақтың арасын жалғайтын рухани көпір ретінде қабылданады.
Егер Наурыз – табиғаттың жаңаруы болса, фотография – жадының жаңғыруы. Осы екі феноменнің тоғысуы көрменің философиялық негізін қалыптастырады. Осылайша, көрме екі ғасырлық фотография тарихына тағзым ете отырып, Ұлы Даланың рухани кеңістігін заманауи көркемдік зерттеу нысаны ретінде ұсынады.
.png)