2025 жылдың 13 маусым күні сағат 12.00-де Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Көрме Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы, көрнекті композитор, әрі дирижер Нұрғиса Тлендиевтің 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылуда. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілген.

«МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ӘУЕНІ: Нұрғиса Тілендиевтің шабыт қайнары» көрмесін ұйымдастыруға Алматы қаласының әкімдігі және Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілдігі қолдау көрсетті.

Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығын, қазақ музыкасының тарихын қамтитын бес тақырыптық бөлімнен тұратын көрмеге Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 50-ден астам жәдігер қойылады.