«Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар: ғалым мен мәдениеттің сабақтастығы» тақырыбында көрме

2025 жылғы 19 наурыз күні Алматы музейінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы, Әлем таныған ғұлама ғалым әл-Фарабидың 1155 жылдығы және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» 45 жылдығына орай «Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар: ғылым мен мәдениеттің сабақтастығы» тақырыбындағы көрменің ресми ашылуы өтті.
Көрмеге Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорынан алынған 200-ден астам Отырар алқабындағы қалалық мәдениет, егіншілік, сауда, өндіріске қатысты жәдігерлер ұсынылды. Сонымен қатар көрме барысында Отырар алқабы тарихына саяхат, Ұлы Жібек жолы арқылы және ислам мәдениеті арқылы келген мәдениеттер интеграциясы, ғылымның дамуы, ортағасырлық отырарлық ғалымдар және Отырар алқабының бойына сан мыңдаған жылдар бойына жасырған бай мәдениеті мен әлемдік өркениетте алған орны туралы музей келушілерінің назарына ұсынылды.
Іс-шара барысында «Ортағасырлық Отырардағы керамикалық бұйымдарды жасаудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында шеберлік сағат өткізіліп, «Кім тапқыр» тақырыбында студенттер мен оқушыларға викториналық ойыны ұйымдастырылды.
Аталған көрме Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарына ортағасырлық қалалардың мәдениетін тереңірек танып-білуге, ықылым заманнан мәдениет пен өнердің, ынтымақ пен бірліктің сарқылмас көзі болып келе жатқан Отырар қаласының мәдениетімен танысуға, Отырар алқабында 202 тарих және мәдениет ескерткіштерімен, яғни қатарында Отырар төбе, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Көк-Мардан, Күйік-Мардан, Жалпақтөбе, Қоңыртөбе, Оқсыз секілді қалажұрттар, сауда-қолөнер орталықтары, Арыстанбаб, Найман әулие және т.б. қорым-зираттары, архитектуралық ескерткіштермен танысуға мүмкіндік береді.
Көрме 1 ай бойы жалғасады.